«ЕҚЫҰ аумағында тұрақтылық үшін экономиканы жасылдандыру және серіктестік құру» тақырыбына арналған 25-ші ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта форумы туралы

Ү.ж. 6-8 қыркүйекте Прага қаласында Чехия Сыртқы істер министрлігінде «ЕҚЫҰ аумағында тұрақтылық үшін экономиканы жасылдандыру және серіктестік құру» тақырыбына арналған 25-ші ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта форумы өтті.
Форум күн тәртібі ү.ж. 23-24 қаңтарда Венада және 15-16 маусымда Астанада болған дайындық жиналыстарының негізінде ұйымдастырылды және ісшара барысында үкімет, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдерімен қатар халықаралық сарапшылар қоршаған орта тәуекелдерін азайту мен қоршаған орта саласында жақсы басқаруды жетілдіру, ресурс тиімділігін арттыру, жаңармалы қуат көздері арқылы энергетикалық қауіпсіздікке үлес қосу, экономиканы жасылдандыру, экономикалық ынтымақтастық пен өзара жалғастықты ілгерілету мәселелері мен биыл Венада жоспарланған ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлер кеңесінде экономика және экология тақырыптарына арналған шешім қабылдау мәселесі қарастырылды.


Қазақстаннан форумның жұмысына ҚР Энергетика министрлігі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Қазақстан кәсіпкерлер одағының өкілдері қатысты және форум барысында көтерілген өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.
ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай жиынның негізгі пленарлық отырысында Елбасының ғаламдық бейбітшілікті дамытуға бағытталған және «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифестінде тұжырымдалған «тұрақты даму мен қауіпсіздік арасындағы жік» қағидасы және тәуелсіздік жылдарынан бері жүргізіліп келе жатқан Қазақстанның сыртқы және ішкі салиқалы саясатына назар аударды.  Қатысушыларға  Ұлт жоспары «100 нақты қадам», конституциялық реформа мен «Үшінші жаңғыру» бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.
 Қ.Сарыбай ЭКСПО инфрақұрылымы негізінде құрылатын «Болашақ энергия» жасыл технологиялар және инвестициялық жобаларды дамыту халықаралық орталығының жұмысына ЕҚЫҰ ауқымды үлес қоса алатынын мәлімдеді.
Форум барысында Аустрия Төрағалығы атынан сөз алған Қаржы министрі Х.Шеллинг пен ЕҚЫҰ-ға қатысушы бірқатар мемлекетінің делегациялары Форумның екінші дайындық жиналысының Астанада сәтті өткізілуіне және ЭКСПО-ға қатысу мүмкіндігіне ие болғанына орай, әрі Ұйымның экономика және экология бағытына осы күнге дейін белсенді үлес қосуына байланысты Қазақстан үкіметіне алғысын білдірді.
ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Т.Гремингер Прагадағы форум ЕҚЫҰ-ның күрделі және өзекті мәселелерді шешуде маңызды алаң болғанын тағы бір мәрте дәлелдегенін айтты. Өз баяндамасында Ұйым Бас Хатшысы Қазақстан делегациясы атап өткен қауіпсіздік пен даму сабақтастығы қағидасының маңыздылығына назар аударып, осы мақсатқа жету үшін мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыруға шақырды.